Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылғы 1 қаңтарда іске қосылды. Оны енгізудің арқасында денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 2 есе өсті. МӘМС жүйесі іске қосылғанға дейін, 2019 жылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне шамамен 1 трлн теңге бөлінді. Ал 2023 жылы халыққа көрсетілетін медициналық көмекті қаржыландыруға 2,5 трлн теңгеден астам, оның ішінде ТМККК бойынша – 1,4 трлн, МӘМС бойынша – 1 трлн теңгеден астам қаражат қарастырылған. МӘМС есебінен денсаулық сақтауды қаржыландырудың айтарлықтай өсуі медициналық көмектің қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік берді.
МӘМС жүйесінің негізгі принциптері:
- әлеуметтік бағдар – мемлекет 15 жеңілдік санатындағы 11 миллион азаматқа жарна төлейді;
- ортақ жауапкершілік - халықтың денсаулығы үшін мемлекет, жұмыс берушілер және азаматтар жауапты;
- медициналық көмекке тең қолжетімділік - әрбір сақтандырылған азамат төленетін жарналардың мөлшеріне қарамастан, медициналық көмектің қажетті көлемін алуға құқығы бар;
- ақша пациенттің артынан жүреді - пациент медициналық қызметті алу үшін өз қалауы бойынша медициналық ұйымды таңдай алады. Ол Қордың өнім берушісі болуы тиіс;
- пациенттің құқығын қорғау - Қор медициналық ұйымдарға көрсетілген медициналық көмектің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізілгеннен кейін ғана медициналық қызметтер үшін ақы төлейді.
МӘМС
МӘМС жарналарын тұрақты төлейтін және «САҚТАНДЫРЫЛҒАН» мәртебесі бар азаматтар медициналық қызметтердің неғұрлым кең тізбесін қосымша төлемсіз-ақ ала алады.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру тізбесіне мыналар кіреді:
- Амбулаториялық жағдайдағы медициналық көмек (ауруларды диагностикалау және емдеу):
- профилактикалық медициналық қарап-тексерулер (ТМККК бойынша көрсетілетіндерді қоспағанда);
- МСАК дәрігерлерінің жолдамасы бойынша бейінді мамандардың қабылдауы және консультациясы;
- бейінді мамандардың созылмалы аурулары бар адамдарды динамикалық бақылауы;
- халықтың жекелеген санаттарына шұғыл және жоспарлы нысанда стоматологиялық көмек көрсету;
- тізбеге сәйкес диагностикалық қызметтер, оның ішінде зертханалық диагностика;
- тізбе бойынша басқа рәсімдер мен манипуляциялар;
- Стационарды алмастыратын жағдайларда мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмек ( ТМККК шеңберінде ауруларды емдеу жағдайларын қоспағанда); сондай-ақ елдегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына әкелетін аурулар кезінде және оларға күдік туындаған жағдайларда үйдегі стационардың қызметтері.
- Жоспарлы нысандағы стационарлық жағдайларда мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмек (ТМККК шеңберінде ауруларды емдеу жағдайларын қоспағанда).
- Шұғыл нысандағы стационарлық жағдайда мамандандырылған көмек, оның ішінде тәуліктік стационар жағдайында емдеуді талап етпейтін диагноз қойылғанға дейін тәуліктік стационардың қабылдау бөлімшесінде емдеу-диагностикалық іс-шаралар жүргізу (ТМККК шеңберінде ауруларды емдеу жағдайларын қоспағанда).
- Медициналық оңалту.
- Патологиялық-анатомиялық диагностика.
- Өлімнен кейінгі донорды дайындау.
- МӘМС жүйесінде көмек көрсетілген кезде дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету:
- денсаулық сақтау ұйымдарының дәрілік формулярларына сәйкес стационарлық және стационарды алмастыратын жағдайларда мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмек;
- уәкілетті орган бекітетін белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар азаматтардың жекелеген санаттары үшін дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың тізбесіне сәйкес амбулаториялық жағдайларда медициналық-санитариялық алғашқы және мамандандырылған медициналық көмек.